ШЫҰ-ға дайындық: кімдерге қашықтан жұмыс істеу ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM - 3-4 шілдесінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті кезінде елордада қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.

«Азаматтарға ыңғайлы болу үшін әсіресе жолдарда кептеліс болмас үшін 2-4 шілде аралығында мемлекеттік мекемелерге және квазимемлекеттік секторларға қызметкерлерінің 70%-ына дейін қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстыру ұсынылады», - делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, 3-4 шілде күндері Астанада балабақшалар жұмыс істемейді.
«Бұл – ірі халықаралық іс-шараларды өткізу барысында күшейтілген қауіпсіздік шаралары қабылданатын және азаматтарға ыңғайлы болу үшін ішінара қашықтан жұмыс істеу тәртібі енгізілетін әлемдік тәжірибе», - дейді әкімдік.
Айта кетейік, ШЫҰ саммиті Астанада 3-4 шілдеде өтеді.
Онда ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылайды.
Форумға байқаушы елдер көшбасшылары мен диалог бойынша серіктестер де қатысады деп жоспарланып отыр.