ШЫҰ кеңістігі жаһандық сауда дамуының үлкен еуразиялық белдеуі бола алады

саммит
Фото: akorda.kz

АСТАНА. KAZINFORM — ШЫҰ кеңістігі жаһандық сауда дамуының үлкен еуразиялық белдеуі бола алады. Бұл туралы елордадағы Тәуелсіздік сарайында Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті аясында өтіп жатқан «ШЫҰ+» кездесуінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«ШЫҰ кеңістігі жаһандық сауда дамуының үлкен еуразиялық белдеуі болуға қабілетті. Құрлықтық бірлестік ретіндегі біздің позициямызды нығайту экономикалық тұрақтылық мен гүлденудің айтарлықтай факторы қызметін атқаруы тиіс. Қазақстан — Еуразия көлік жүйесінің басты буындарының бірі саналады. Еліміз арқылы Азия мен Еуропа арасындағы құрлықтағы транзиттік тасымалдың 80 пайызы жүзеге асады», — деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» мегажобасы мен Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің Транскаспий бағытын түйіндестіру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. 

«Осынау көлік күретамырларының түйісуі қуатты мультипликативті әсер береді. Осыған байланысты серіктестік желі, стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтар құру жөніндегі бастамамызды іс жүзінде жүзеге асыруға баса мән береміз», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар
telegram