ШЫҰ миссиясы: Қазақстандағы референдумда жастар белсенді болды

АСТАНА. KAZINFORM — Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) миссиясының басшысы Олег Копылов Қазақстанда өткен референдумнан кейінгі байқаушылардың қорытындысын жариялады. 

Олег Копылов
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы халықаралық байқаушыларды шақыру арқылы елдің жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі республикалық референдумның барынша ашықтығын қамтамасыз етуге жағдай жасады.

— Біздің миссиямыздың құрамында ШЫҰ-ға мүше елдерден 17 байқаушы аккредиттелді, олардың ішінде ШЫҰ мемлекеттеріндегі заң шығарушы, атқарушы және сайлау органдарының тәжірибелі өкілдері, сондай-ақ ШЫҰ хатшылығының лауазымды адамдары, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволарының өкілдері болды. Биылғы 12 наурызда біздің миссия өз жұмысына кірісті, — деді Олег Копылов елордада тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, дауыс беру күні миссия мүшелері референдум учаскелеріне таңертең барып, бюллетеньдер дайындау және дауыс беру жәшіктерін орналастыру рәсімдерін назарға алды.

— Дауыс беру күні миссия мүшелері 81 учаскеге барды. Миссия байқаушылары қандай да бір атқарушы органдарының келісімінсіз өз таңдауы бойынша учаскелерді аралап шықты. Миссия мүшелерінің учаскелерге баруына ешқандай кедергі болған жоқ. Жалпы, біздің байқаушылар тұрғындардың жоғары азаматтық белсенділігін және республикалық референдум өткізуді ұйымдастырудағы учаскелік комиссия қызметкерлерінің кәсібилігін атап өтті. Референдум өткізу үшін барлық қажет жағдай жасалды, бейтараптық қағидаты сақталды. Учаскелік комиссиялардың қызметіне білікті, жұмысын ашық көрсете алатын, заңнама талаптарына сай қызмет ете алатын адамдар тартылғанын байқадық. Учаскелік комиссияларда толық көлемде ақпараттық-анықтамалық материалдар, тіркеу журналдары, әдістемелік жинақтар, кезекшілік кестелері және басқа да қажет құжаттар ұсынылды, — деді Шанхай ынтымақтастық ұйымы миссиясының басшысы

Оның сөзіне қарағанда, дауыс беру күнінде жастар референдумға белсенді қатысқан.

— Осылайша, миссия Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі республикалық референдум елдің сайлау заңнамасының талаптарына және ел қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес келгенін ресми мәлімдейді, — деді Олег Копылов.

Айта кетейік, 15 наурызда Қазақстанда жаңа Ата Заңның жобасы бойынша жалпыұлттық референдум өтті

Биыл 12 ақпанда Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының қорытынды жобасы жарияланды.

Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойды

Республикалық референдумда берілген бюллетеньде «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал қойылды.

Орталық референдум комиссиясының мәліметіне қарағанда, Қазақстанда дауыс беру құқығы бар азаматтардың 73 пайыздан астамы өз таңдауын жасады

Бірінші exit poll нәтижесіне қарағанда, референдумда халықтың 86,7%-ы жаңа Конституцияны қолдады.

Соңғы жаңалықтар