Шизофрения дертіне шалдыққан павлодарлық тұрғынға көлік жүргізу куәлігі берілген
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Азаматқа 2015 жылы параноидты шизофрения диагнозы қойылған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен арнайы тізімге сүйенсек, бұл дертке шалдыққандарға көлік басқару құқығы берілмейді.
Павлодарлық полицейлер жергілікті азаматтың жүргізуші куәлігін жарамсыз деп тану және оны көлік жүргізу құқығынан айыру туралы сотқа талап арыз түсірді. Сотта қаралған іс материалдарына сүйенсек, тұрғын 2015 жылдан бері «паранодты шизофрения» дертімен ауыратыны анықталған.
«Ер адам көлік жүргізу куәлігін 15 жыл бұрын алған. Ал 2018 жылы В, В1, С, С1 санатындағы жүргізушілік куәлігін сәтті түрде ауыстырып алған», - делінеді іс материалдарында.
Ол тұрақты түрде ем қабылдап отырған. Алайда заңнама мұндай диагноз қойылған азаматтардың көлік айдауына тыйым салады. ҚР Денсаулық министрлігі бекіткен, жүргізуші куәлігі берілмейтін арнайы тізімде «параноидты шизофрения» диагнозы да бар.
Сотта медициналық ұйымдардың өкілдері пациент жолда қауіпті жағдайлар туындатуы мүмкін екенін дәлелдеді.
Сот барлық дәйектемелерді назарға ала отырып, полицейлердің талабын қанағаттандырды.