Шизофренияға шалдыққан адамдар дұрыс терапиямен толыққанды өмір сүре ала ма

Шизофрения
Фото: Рexels.com

АСТАНА. KAZINFORM – Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 45%-дан астамы шизофренияға шалдыққандар қоғамға қауіпті деп есептейді.

22 мамырда Астанада Дүниежүзілік шизофрения күніне арналған ашық жиын өтті. Шара барысында қатысушыларға Қазақстан тұрғындарының психикалық денсаулығы тақырыбы бойынша сауалнама нәтижелері ұсынылды.

Сауалнама GEDEON RICHTER KZ компаниясының бастамасымен Қазақстанның екі ірі қаласында – Алматы мен Астанада жүргізілді. Қатысушылар саны 100 адамнан асты, респонденттер 18 бен 65 жас аралығындағы қала тұрғындары болды.

Респонденттердің 13 пайызы, үлкен қаланың тұрғындары болғанына қарамастан шизофрения диагнозы туралы ешқашан естімеген. Оның үстіне респонденттердің 45 пайызы бұл дертке шалдыққандарды қоғамға қауіпті деп санайды.

Айта кету керек, адамдар шизофрения диагнозынан қорқып қана қоймай, респонденттердің 28% бұл дертке шалдыққандарды қоғамнан оқшаулау қажет деп санайды.

«Сауалнама нәтижесінде аталған психикалық ауытқу өз тәжірибесінде болмаған адамдар мұндай дерттің бар екенін де білмейді деген қорытынды жасауға болады. Көшелерде жүргізілген оффлайн сауалнама азаматтардың хабардарлығы адамдардың жас санатына ғана емес, тұрғылықты жерінің географиясы мен сөйлесу тіліне де байланысты екенін көрсетті. Мысалы, астаналықтарға қарағанда Алматы тұрғындары бұл дерт туралы көбірек біледі», - дейді ЖШС PR менеджері Динара Бірмағанбетова.

Оның айтуынша, компания алынған мәліметтерге сүйене отырып, жағдайды сараптап, азаматтарды психикалық аурулар туралы мемлекеттік тілде ақпараттандыруға бағытталған ағарту жұмыстарының жеткіліксіздігі туралы қорытындыға келген.

«Бұл бізді қазақ тіліндегі мамандандырылған ақпараттың мазмұнын арттыруға барынша күш салуға итермеледі. Осылайша, бүгінде әлеуметтік желілер мен веб-сайттағы контент бірінші кезекте мемлекеттік тілде қалыптастырылып, бұқаралық ақпарат құралдарында тиісті хабарламалар беріліп жатыр».

Сонымен қатар, Динара Бірмағанбетова компания 2024 жылы мемлекеттік тілде шизофрения туралы ақпараттық ресурс ашуды, сондай-ақ «Шизофрения қаз қалпында: жақындарыңызға арналған кітап» кітабын қазақ тіліне аударуды көздеп отырғанын хабарлады.

Дегенмен, хабардарлықтың жалпы көрінісі жаман емес. Респонденттердің 87% респондент шизофренияның не екенін біледі, 48%-ы бұл аурумен ауыратындардың қоғамға қауіпті екеніне сенбейді, 67%-ы бұл диагнозды адамдарды оқшаулау қажет деген пікірмен келіспейді.

Кездесу қонағы Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас психиатры Елена Полиенко:

«Қазақстанда 47 мыңға жуық адамға шизофрения диагнозы қойылған. Әрине, бұл тұрақты бақылауды және ұзақ мерзімді терапияны қажет ететін өте ауыр психикалық бұзылыс. Бірақ медицинада бүгінде жақсы нәтижелерге қол жеткізе алатын және пациенттердің жеке және әлеуметтік қызметін мүмкіндігінше қалпына келтіретін және пациенттердің қанағаттанарлық өмір сүру сапасына қол жеткізе алатын заманауи антипсихотикалық препараттар бар. Шизофренияға шалдыққан адамдардың кем дегенде үштен бірі дұрыс терапиямен симптомдардың толық ремиссиясын сезінеді. Сондықтан шизофренияға шалдыққан адамдар қоғамға қауіп төндірмейді деп сеніммен айта аламыз», - деп баса айтты Елена Полиенко.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, шизофрения шамамен 24 миллион адамға немесе дүние жүзінде 300 адамның 1-іне (0,32%) әсер етеді. Қазақстанда шизофренияның таралу деңгейі халықтың 0,6-0,7% және елдегі барлық психикалық науқастардың 19% құрайды.

Шизофрениядан зардап шегетін адамдар жиі құқықтарының бұзылуына тап болады. Өкінішке орай, ауруға шалдыққан адамдарға қатысты стигма қарқынды және кең таралған, бұл олардың әлеуметтік оқшаулануына әкеліп соғады және олардың басқалармен, соның ішінде отбасымен және достарымен қарым-қатынасына теріс әсер етеді. Сондықтан оларға қолдау қажет, бұл үшін халықтың ең көп пайызы осы дерт туралы білуі керек.

Кездесуді ұйымдастырушылар тәуелсіз Niettes платформасы мен «GEDEON RICHTER KZ» ЖШС. Компания азаматтардың психикалық денсаулығына қамқорлық жасау ең маңызды бағыттарының бірі екенін еске салды. Атап айтқанда, Gedeon Richter-дің стратегиялық мақсаты - осы сегменттегі өнім ассортиментін кеңейту.

«Біз орталық жүйке жүйесі саласындағы түпнұсқа зерттеулерге ерекше көңіл бөлеміз, өйткені компания Шығыс және Орталық Еуропадағы ең ірі ҒЗТКЖ өндірісіне ие және биохимиялық өнімдерді әзірлеуге белсенді қатысады. Осылайша, біз шығаратын дәрілік өнім – бұл шизофренияның сандырақ немесе галлюцинация сияқты оң белгілерін ғана емес, сонымен бірге кең таралған кіші белгілері - апатияны, ангедонияны және мотивацияның төмендеуін емдеуде тиімділігі көрсетілген жалғыз антипсихотикалық дәрі», - деп қорытындылады «GEDEON RICHTER KZ» ЖШС бас директоры Павел Хегай.

Соңғы жаңалықтар