Ішкі нарықтағы отандық құрылыс материалдарының үлесі 80 пайызға жеткізілмек

АСТАНА. KAZINFORM – Алдағы үш жылда ішкі нарықтағы отандық құрылыс материалдарының үлесін 80 пайызға дейін жеткізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлім етті.

Требования к подтверждению отечественного производства ужесточат в Казахстане
Фото: Kazinform/ЖИ

- Мемлекет басшысы Жолдауында жаңа өндірістерді ашу кезінде нарық сұранысын, әр өңір мен саланың өзіндік ерекшелігін ескере отырып, өндірісті дамыту қажеттігін атап өтті. Осы тапсырманы орындау мақсатында министрлік өндіріс қуаттарының балансын бағалау тетігін енгізіп, қажетті заңнамалық өзгерістер қабылдады, өндірісті бағалау әдістемесін бекітті. Әдістемеде ішкі нарықтың сұранысы, өнімді экспорттау мүмкіндігі және өндірісті шикізатпен қамтамасыз ету деңгейі ескеріледі. Осылайша, бағалау нәтижесі жаңа жобаларға мемлекеттік қолдау көрсету және инвестиция тарту шешімдерін қабылдау кезінде ескерілетін болады, - деді ол.

Ерсайын Нағаспаевтың атап өтуінше, Мемлекет басшысының 2027 жылды Халықтық құрылыс жылы деп жариялауы отандық құрылыс материалдарын, жабдық пен бұйымдар өндірісін дамытуға қосымша серпін береді.

- Құрылыс саласын дамыту жөніндегі ауқымды міндеттер отандық өндірісті және ішкі нарықтағы қазақстандық өнімнің үлесін арттырумен қатар жүруге тиіс. Бүгінде ішкі нарықтағы сұраныстың шамамен 73%-ы отандық өнімге тиесілі. Алайда жылу оқшаулағыш және керамикалық тақта, композиттік және қаптау материалдары сияқты жекелеген өнім түрлері импортқа тәуелді болып отыр. Осыған байланысты «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында құрылыс материалдарына деген қажеттілік айқындалып, оларды өндіретін жаңа кәсіпорындарға инвестиция тарту жұмыстары жүргізіледі, - деді министр.

Оның айтуынша, құрылыс жобаларын іске асыру кезінде отандық құрылыс материалдарын негізсіз импорттық өнімдермен алмастыруға жол бермеу шаралары қабылданады. Ол үшін Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміндегі ақпарат құрылыс саласының цифрлық жүйелерінде көрсетілуі тиіс.

- Басты мақсат – алдағы үш жылда ауқымды құрылыс жұмыстары аясында ішкі нарықтағы отандық құрылыс материалдарының үлесін 80%-ға дейін жеткізу. Министрлік Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді орындау барысында отандық өнеркәсіптің тұрақты өсуін қамтамасыз етуге, жаңа өндірістерді дамытуға және қазақстандық тауарлардың нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыратын шараларды жүйелі түрде іске асыруды жалғастырады, - деді ол.

Айта кетейік, елімізде 17 мыңнан астам жұмыс орны ашылатын 200 жоба іске асырылады.