Ішкі нарықтағы сұраныста оң динамика сақталып отыр - Сүлейменов
АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі нарықтағы кредиттеу тұрақтанды. Бұл туралы елордада өткен брифингіде Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлім етті.
- Қазақстан экономикасы оң динамиканы үзбей көрсетіп келеді. 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім өсіп, жылдық мәнде 4,2% болды. Тау-кен өнеркәсібін есепке алмағанда, жалпы ішкі өнімнің өсуі 5,4% деңгейінде бағаланады. Өсуге негіз болған басты драйвер – шикізатқа жатпайтын сектор. Жоғары өсу қарқыны құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік және сауда салаларында байқалады. Ауыл шаруашылығы мен байланыс қызметінде де оң динамика сақталып отыр. Дегенмен, экономиканың жалпы өсіміне мұнай өндірісіндегі қысқару да әсер етіп отыр, оның көлемі 9 айда 8,3 пайызға азайған, - деді Т. Сүлейменов.
Оның айтуынша, инвестициялық белсенділік жоғары. Қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға инвестиция – нақты мәнде 7 пайызға, ал бюджет қаражатын қоспағанда, шикізаттық емес секторға 25 пайызға өсті. Күрделі салымдардың жоғары өсу қарқыны өңдеу өнеркәсібі мен энергетика саласында байқалды.
- Ішкі сұраныста оң динамика сақталып отыр. Қаңтар-қыркүйек айларында бөлшек сауданың нақты өсімі 4,5% болды. Тұтынушылық кредиттеу тұрақтанды. Тамыз айында тұтыну кредиттерінің жылдық өсу қарқыны 10,4% болды. Жалпы алғанда, тұтынушылық сұраныс біртіндеп қалыпқа келе бастағаны байқалады. Бұл бағаны одан әрі төмендетуге қолайлы жағдай жасайды. Сонымен бірге, мемлекеттік және квазифискалдық бағдарламалар есебінен қолдау тауып отырған жоғары инвестициялық белсенділік жиынтық сұранысты үздіксіз ынталандырып отыр. Бұл сұраныстың отандық экономиканың мүмкіндіктерінен асып түсу тәуекелін күшейтеді, - деді ҰБ басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, ҚР Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 15,75% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.