Шкафта жасырылған былығым жоқ - жаңа Энергетика вице-министрі
«Арнайы тексеру болған жоқ, бұл стандартты процедура. Үкімет Қаулысымен осы лауазымға тағайындалып отырмын. Былыққа келер болсам, меніңше энергетика саласы тұрақты жұмыс істеп тұр. Шкафта жасырылған ешқандай былықтың жоқтығына сенімдімін. Жұмыс істейміз, жалғастырамыз», - деді ол Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Айта кетейік, ҚР Үкіметінің Қаулысымен Есімханов Сұңғат Қуатұлы Энергетика вице-министрі болып тағайындалды.
Осыған дейін бұл лауазымда болған Анатолий Шкарупа өз өтінішімен қызметінен босатылды.
Еске салайық, ҚР Энергетика министрінің бұрынғы орынбасары А.Шкарупа, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту қоры» АҚ-ның бұрынғы басқарма төрағасы міндетін атқарушы Қайсар Байдалы және «ENERCO» ЖШС директоры Ерлан Нәбиев сот санкциясымен тұтқындалды.
Оларға Қарағанды облысының Саран қаласына жылу есептеуіш аспаптарды сатып алып, орнату үшін «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту қоры» акционерлік қоғамына бюджеттен бөлінген қаражаттарды жымқырды деген күдік келтірілуде. Саран қаласында жылу трассасы мен орталық қазандық жоқ болса да, Қор «ENERCO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 215 миллион теңге қаражатты заңсыз аударған. Жымқырылған қаражаттар жалған кәсіпорын арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, қылмыс қатысушыларының арасында бөлінген.