ШҚО: 1300 зейнеткер БЗЖҚ-дағы жинақтарын алуға асығар емес

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанда зейнеткерлік жасқа жеткенімен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жинақтаған қаражатын әлі алмаған 1300 салымшы бары анықталды. Олардың жеке шоттарында бір мың теңгеден бірнеше миллион теңгеге дейін ақша жатыр. Бұл жайында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Қарлығаш Байділдаева мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат altaynews.kz сайтына сілтеме жасап.

«Біз оларды іздестіріп жатырмыз. Кейбіреулерімен телефон арқылы тілдесіп, жағдайды түсіндірдік. Көпшілігі уақыттың тапшылығын алға тартты. Егер олар қазір, жаңа жылға дейін келіп, қордағы қаражаттарын шешіп алмаса, 2018 жылдың 1 қаңтарынан жаңа тәртіппен, ай сайын алатын болады», - деп түсіндірді басшы.

Қарлығаш Науанқызы азаматтардың БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын дер кезінде жүзеге асыруына мүмкіндіктері болу үшін Қордың барлық филиалдары 2017 жылдың 30 және 31 желтоқсаны күндері жұмыс істейтінін ескертті. Бұл әсіресе, жоғарыда жазылған, жинақтаушы зейнетақы қорынан қаражаттарын алуға құқылы 1300 салымшыға қатысты. Осы күндері барлық операциялық бөлімшелер таңғы сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін салымшыларға қызмет көрсетеді. Басты мақсат - БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығы 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін туындаған немесе туындайтын салымшылардың осы төлемдерді рәсімдеу құқығын жүзеге асыру.

 

Соңғы жаңалықтар