ШҚО әкімі бизнес субъектілерін өз аумақтарын тазалауға тартуды тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Өскеменді қардан тазарту жөнінде кеңес барысында шағын және орта бизнес субъектілерін өздеріне қарасты аумақтарын тазалауға тарту керектігін баса айтты, деп хабарлайды әкімсдіктің баспасөз қызметі.

ШҚО әкімі бизнес субъектілерін өз аумақтарын тазалауға тартуды тапсырды

Облыстық және қалалық мемлекеттік мекемелердің басшыларының қатысуымен  өткен кеңесте аймақ басшысы Өскемен әкімдігіне қар тазалау жұмыстарының қарқынын төмендетпей, бекітілген келісім-шарттарға сай арнайы техниканың тәулік бойы жұмыс істеуін ұйымдастыруды тапсырды.

«Алдын-ала белгіленген арнайы техника екі ауысымда жұмыс істеу керек. Қалалық коммуналдық қызметтер жұмысты өз күштерімен ұйымдастыру керек. Көктайғаққа алдын-ала дайындалып, қажетті реагенттарды сатып алу қажет», - деді өңір басшысы Даниал Ахметов.

Одан соң Өскемендегі қарды тазалауға жұмылдырылған облыстық кәсіпорындардың босатылуына орай қалалық коммуналдық мекеменің және оның мердігер компанияларының жұмысын тексеру тапсырылды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов күніне үш рет, оның ішінде түнгі сағат үште қалалық арнайы техникалардың саны мен жұмысын бақылауға алады.

Облыс әкімі көңіл аударған басты мәселе - кәсіпкерлерді өздеріне қарасты аумақтарын тазалауға тарту болды. Шағын және орта бизнес субъектілерімен жұмысты ұйымдастырумен қатар, қалалық әкімдік пәтер иелері кооперативтерінің төрағаларымен арнайы кеңес өткізіп, олардың көпқабатты үйлердің аулаларындағы қарды жеделдетіп тазалауын ұйымдастыру қажет.