ШҚО әкімі «Халифа Алтай» мешітіне Toyota Camry автокөлігін табыс етті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов облыстық «Халифа Алтай» мешітіне су жаңа Toyota Camry автокөлігін табыс етті. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әкімдіктің хабарлауынша, қаңтар айында өңір башысы облыстық мешіт жұмысымен танысуға барды. Кездесу барысында бас имам Ермек қажы Мұқатай аудандарды аралау үшін автокөлік қажет екенін жеткізген. Сонда өңір басшысы мәселені шешуге уәде берді.
Бүгін аймақ басшысы "Халифа Алтай" мешітіне арнайы барып, жаңа Toyota Camry автокөлігін табыстады. Даниал Ахметов көлік алуға демеушілік көрсеткен «Өскемен құрылыс» компаниясының директоры Ержан Ысқақовқа алғысын білдірді.
Сонымен қатар, облыс әкімі биыл көктемде мешіт ғимаратының астында орналасқан көлік тұрағының төбесінен су ағуды тоқтату үшін жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты.
«Облыс әкімінің бақылауға алған тағы бір мәселесі - мешіттің жанынан 50-60 орындық медресе салу болатын. Даниал Ахметов қалалық әкімдікке медресе үшін мешіт жанынан жер бөлуді тапсырды. Қазіргі уақытта әкімнің тапсырмасына орай жобалық институт медресе ғимаратының жобасы дайындалуда», - делінген хабарламада.