ШҚО әкімі Жолдауды іске асыру жоспарын ұсынды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов кеңейтілген кеңес барысында Президент Жолдауының барлық бағыттары бойынша нақты индикаторлары және атқару мерзімдері бар толық жоспарды ұсынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА ақпарат орталығына сілтеме жасап.
Облыс әкімі Жолдау бағыттарына жеке-жеке тоқтала келе, аймақта атқарылған жұмыстарды атап өтті. Сондай-ақ Елбасы жүктеген міндеттерді еске отырып, алдағы міндеттерді айқындады.
Бірінші кезекте Даниал Ахметов «7-20-25» бағдарламасы бойынша жергілікті бюджеттен бастапқы жарналарды ішінара субсидиялау механизмін құруды тапсырды. Бұл бюджеттік саладағы білікті қызметкерлердің ипотекаға қолжетімділігін арттырады.
Қолжетімді баспанамен қатар тұрғындар үшін медициналық қызмет көрсету сапасы маңызды мәнге ие.
«Орташа әлемдік стандарт бойынша жабдықталған еліміздегі бірінші облыс боламыз. Бұл жаңа жабдықтарды қуалау емес - жаңа технолгияларға ұмтылу. Денсаулық сақтау саласында қуып жетуші идеологиясынан озық кеткендердің қатарына қосылуымыз керек», - деп атап өтті Даниал Ахметов.
Бұл ретте ол жергілікті мамандардың құзырет деңгейін көтеру қажеттілігін атап өтті. Бұл ретте, 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін жаңа жабдықтармен жұмыс істейтін дәрігерлер құзыретінің ортақ стандарттарын даярлау тапсырмасы берілді.
Аймақ басшысы сондай-ақ медициналық қызметкерлерді шетелде оқытуға бөлініп отырған бюджетті екі есе өсіруді тапсырды. Тұрғындардың денсаулығына әсер ететін факторлардың бірі - сапалы ауызсу. Даниал Ахметов 2025 жылға дейін 86 пайыз ауылдық елді мекенді орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесімен қамтамасыз ету міндетін қойды.
