ШҚО әкімі: Өскемен кәсіпорындарының экологияға бөлген ақшасы жоқ боп кетіп отырған

АСТАНА. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Үкімет отырысында Өскемендегі ауа сапасын жақсарту үшін не істейтінін айтты.

Ермек Көшербаев
Фото: Primeminister.kz

— Біз кәсіпорындардың экологиялық эмиссиялары есебінен жыл сайын 4 млрд теңгедей ақша жинаймыз. Бұрын осы ақша құмға сіңген су сияқты болғанға ұқсайды. Болғанға ұқсайды емес, нақты солай болған. Түрлі шаралардың тасасында жоқ болып кетіп отырған. Дәл осы ақшаның есебінен Өскемендегі ауаның сапасын жақсарту бағытында нақты бір істелген шаруа жоқ, — деді ол.

Әкімдік осы ақшаның қаланың экологиясына ғана жұмсаудың жаңа жүйесін түзбекші. 

— Енді осы ақшаны қаланың ауа сапасын жақсартуға тікелей бағыттап, оны бақылауға қоғамды тартпақпыз. Облыста экологиялық бюро құрылды. Осы қоғамдық бірлестікпен бірге аталған ақшаның есебінен қаланың қай бөлігіне ауа сүзетін қондырғылар қоятынымызды айқындаймыз, — деді Ермек Көшербаев.

Еске салсақ, Өскемен қаласында тұрғын аудандарда көлігін 5 минуттан артық қыздырған 3 адамға айыппұл салынған болатын. 

Соңғы жаңалықтар