ШҚО ауруханаларындағы науқастар қалай тамақтануда
«Шығыс – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Маржан Бақыт Өскемендегі Ана мен бала орталығына, №1 қалалық емханаға және Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасына барып, емделушілерге берілетін тегін тамақтың сапасын тексерді. Бүгінде емханалардағы перзентхана мен хирургия, кардиохирургия бөліміндегі пациенттерге 3 уақыт, ал COVID-19 вирусын жұқтырған науқастар мен дәрігерлерге 4 уақыт тамақ беріледі.
«Әр уақытта әзірленген тамақтар бірінші кезекте тексерістен өтеді. Нәтижесінде сапалы өнімдерден дайындалған тағамдар тұтынуға ұсынылады. Осы мақсатта жобалық кеңсе жетекшісі Маржан Бахыт аурухана басшыларымен және емделіп жатқан пациенттермен әлеуметтік қашықтықтық пен санитарлық талаптарды сақтай отыра, тікелей кездесіп, ас мәзірі мен қолданылатын өнім сапаларына және оған бөлінетін қаржының тиімді игеру барысына қоғамдық мониторинг жүргізді. Аталған мәселе жобалық кеңсенің басты назарында болып, қолданылатын өнімдер мен игерілетін қаржыларға мониторинг жұмыстары күшейтілетін болады», - деп хабарлады ШҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, қоғамдық мониторинг жұмыстарын өңірдің барлық қала-аудандарындағы «Адалдық алаңы» жобалық кеңселері жалғастыруда.