ШҚО ауылдарында 27 медициналық пункт салынады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы ауылдарда 27 медициналық пункт салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО ауылдарында 27 медициналық пункт салынады

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, ауылдарда медицина сапасын арттыру үшін бірқатар шаралар қолға алынған. Оның ішінде басты бағыттардың бірі – жаңа медициналық нысандар салу.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Шығыс Қазақстан ауылдарына 27 медициналық пункт, екі фельдшерлік-акушерлік пункт және жеті отбасылық-дәрігерлік амбулатория салуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін дайын типтік жобалар да бар. Алдағы уақытта құрылыс жұмыстары басталады», - деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Риддер қаласында күніне 500 келушіге арналған емхана салынып жатыр. Сонымен қатар аталған медициналық мекеме құрылыс жұмыстары аяқталған соң пациенттерді бірден қабылдай бастауы үшін тиісті жабдықтар сатып алынуда.