ШҚО ауылдарында екі пәтерлі тұрғын үйлер салынып жатыр
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданында екі пәтерлі тұрғын үйлер пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы өңір басшысы Даниал Ахметов өзінің Facebook -парақшасында жазды.
«Бүгінде Жарма ауданында 10 отбасына арналған екі пәтерлі бес үй салынып, пайдалануға берілген. Әр пәтердің аумағы 80 шаршы метр, сондай-ақ жеке ауласы да бар. Көктемде тағы 10 үйдің құрылысын бастау үшін тиісті қаражат бөлінеді. Бірақ пәтер аумағын бірнеше шаршы метрге, ал ауланы 15 соттыққа дейін ұлғайту керек» - дейді облыс әкімі.
Оның айтуынша, тұрғын үй құрылысының қарқынын төмендеткен басқа аудандар осы бағыттағы жұмысты күшейту керек.

«Қажетті қаржы толықтай бөлінсе де кейбір аудан әкімдерінің бұл тұрғыдағы көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Ал тұрғын үй кезегінде қаншама адам тұр. Сондықтан мұқтаж жандардың баспана мәселесін шешу үшін ешкім сылбырлық танытпау қажет. Әкімдерге көктемге дейін уақыт беремін. Егер тиісті нәтиже болмаса, қатаң шаралар қолданылады» - дейді Даниал Кенжетайұлы.



