ШҚО ауылдарында жыл соңына дейін 4 мың адам ауыз сумен қамтылмақ
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының ауылдарында жыл соңына дейін 4 мың адам ауызсумен қамтылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңір аумағында елді мекендерді ауызсумен қамту үшін бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Сондай-ақ сумен жабдықтау мен су бұруды қайта жаңартуға 8,2 млрд теңге бөлінген.
«Ауылдарды сумен жабдықтауға қатысты 12 жобаға 3,6 млрд теңге бөлінді. 1 жоба бойынша Риддер қаласының әкімдігімен конкурстық рәсімдер жарияланған жоқ. Ал 5 жобада мердігерлік ұйымдармен шарттар жасалды. Қалғандарында мердігерлік ұйымды анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізілуде», - делінген ақпаратта.
Биыл мәресіне жететін жобалардың нәтижесінде ауылдарда тұратын 4 мыңнан астам адам сапалы ауызсумен қамтылмақ.
«Жыл басынан бері облыс бойынша ауызсуға қолжетімділік 98,3%-ды құрады. Жоспарланған шаралардың қорытындысы бойынша өңір халқының ауызсумен қамтылу көрсеткіші 2023 жылдың соңына қарай 98,8%-ды құрайды», - делінген хабарламада.