ШҚО: Биыл Алакөл инфрақұрылымына 8 млрд теңгеге жуық қаражат бағытталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Тәуелсіздік жылдары Шығыс Қазақстан облысының туристік әлеуетіне шетелдіктердің қызығушылығы артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


ШҚО Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Марат Қабақовтың айтуынша, соңғы 30 жылда облыстың туризм саласын дамыту бойынша кезең-кезеңмен кешенді жұмыс жүргізілген. «Катонқарағай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Батыс Алтай, Марқакөл қорықтары, Мұзтау, Укок үстірті, Бұқтырма су қоймасы және басқа да көптеген тарихи және мәдени ескерткіштерге бай өлке әр туристті сан қырымен қызықтыра алады. Соның арқасында өңірдің туристік әлеуетіне шетелдіктердің қызығушылығы артқан.

«Биыл Риддердің туристік объектілеріне электр желісі тартылды. Жобаның құны 40 миллион теңгені құрады. Осындай жоба Зайсан ауданында да жүзеге асырылуда. Катонқарағайда экологиялық және этнотуризм дамып келеді. Мұнда жеке кәсіпкерлер мен жергілікті тұрғындарға қонақ үйлер желісін ашуға қолдау көрсетілуде. Олар үшін гранттар қарастырылған. Бұл бағытта қазірдің өзінде 15 бизнес-жоба жүзеге асырылған», - деді ол.

Алакөл демалыс орны – республикадағы ең негізгі туристік нысандардың бірі. Елдің туристификация картасының топ-10 объектісінің қатарына кіріп отыр.

Онда соңғы жылдары кезең-кезеңмен, кешенді жұмыс жүргізілді. Демалыс базаларының тұрмыстық және санитарлық жағдайларын, өрт қауіпсіздігін сақтау тұрғысынан мониторинг жүргізетін жұмыс тобы құрылды.

Алакөлдің инфрақұрылымын жақсартуға 2016-2019 жылдары облыстық бюджеттен шамамен 6,1 млрд теңге бөлінді. Жағалау абаттандырылып, Үржар ауданындағы жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Теміржол тасымалы мен әуе қатынасын субсидиялау, сондай-ақ жылдамдығы жоғары интернет желісін орнату және басқа да жоспарлы іс-шаралар атқарылған.

«Коронавирус пандемиясы басталған сәттен бастап туризм ең зардап шеккен салалардың бірі болды. 2020 жылы өңірге келетін туристер саны екі есе азайды (42 %). Алакөл жағалауында демалушылар саны 70 пайызға төмендеді», - деді Марат Қабақов.

Оның айтуынша, биыл Алакөлдің шығыс жағалауының инфрақұрылымын дамытуға 8 миллиард теңгеге жуық қаражат бағытталды. Барлық жобалар іске асырылған. Атап айтқанда, полиция бекеттері мен жедел медициналық жәрдем станциялары салынды.




Соңғы жаңалықтар