ШҚО-да 1 қаңтардан бастап «Шығысэнерготрейд» кәсіпорны таратылды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Шығыс Қазақстан облысында «Шығысэнерготрейд» ЖШС энергиямен жабдықтау компаниясы таратылды.

электроэнергия
Фото: minenergo.gov.tm

Енді облыс тұрғындары электр энергиясының ақысын «Біріккен энергосервистік компания» АҚ-ға төлейтін болады. Энергиямен жабдықтаушы компанияны тарату туралы шешім кезең-кезеңімен қабылданды.

2023 жылдың жазында Қазақстанда электр энергиясын бірыңғай сатып алушы пайда болды. Осылайша, энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың энергияны өз бетінше сатып алу және тарифтерді белгілеу құқығы шектелді. Нәтижесінде барлық тұтынушы үшін біркелкі болған орташа өлшенген тариф енгізілді.

2024 жылдың сәуір айынан бастап энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың көбін тарату процесі басталды. Олардың соңғысы «Шығысэнерготрейд» ЖШС болып отыр.

Желтоқсан айының электр энергиясы үшін төлем таратылатын ұйымның есепшотына жіберіледі, ал 2025 жылдың қаңтарынан бастап қаражат «Біріккен энергосервистік компания» АҚ шотына аударылады. Төлем әдістері өзгеріссіз қалады.

Еске салсақ, осыған дейін Қостанай облысындағы бір ауыл жаңа жылдың алғашқы күні жарықсыз қалғаны хабарланған.