ШҚО-да 100-ден астам адамды алдап соққан алаяқтар ұсталды
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары бір жыл бойы интернет арқылы алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топтың жолын кесті.
«Полиция қызметкерлері Өскеменде қылмыстық топты ұйымдастырушыны ұстады. Ол 28 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Оның 22 және 27 жастағы көмекшілері болған. Күдіктілер Instagram әлеуметтік желісінде аккаунт ашып, онда онлайн несие ресімдеуге көмектесетіндігі туралы хабарландырулар орналастырған. Содан соң өздеріне жүгінген азаматтардың атынан микрокредиттік ұйымдарда тауарлық несиелер ресімдеген», - делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта елдің бірнеше өңірінде және Шығыс Қазақстан облысында тұратын 109 жәбірленуші анықталып отыр. Күдіктілердің тұрғылықты жеріне тінту жүргізу барысында 60-тан астам адам теңгерімін толықтырған ұялы телефондар, түрлі банктердің карталары, ұялы байланыс операторының Simply карталары тәркіленген.
«Жедел-тергеу амалдары кезінде олардың қылмыс жасау үшін 253 мобильді құрылғы мен ұялы операторлардың 573 абоненттік нөмірін пайдаланғаны анықталды. Жәбірленушілерге несие ретінде ресімделген теледидар, планшет, ұялы телефондарды күдіктілер Өскемен қаласының ломбардтары мен комиссиялық дүкендеріне тапсырған. Полицейлер өткізілген бұл тауарлардың жазбалары бар журналдарды тапты. Криминалдық полиция қызметкерлері осындай қылмыстарға қатыстылығын анықтау мақсатында басқа облыстарға бағдар жолдады», - делінген хабарламада.
Күдіктілерге қатысты ҚР ҚҚ-нің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.