ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Глубокое кентінде «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 12 отбасына жаңа тұрғын үйдің кілтін табыстау салтанаты өтті.
Бөлісу:
Фото: ШҚО ақпарат орталығы
2020 жылдан бастап Глубокое ауданында жаңа үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 44 қоспәтерлі 88 тұрғын үй көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға беріледі.
Фото: ШҚО ақпарат орталығы
«Көптен күткен баспанамызға қол жеткіздік. 2015 жылдан бері үй кезегінде тұрдым. Бүгін ақ түйенің қарны жарылып, қуанышымызда шек жоқ. Төрт баланың анасымын. Мемлекеттен көпбалалы отбасыларға үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Сондықтан жергілікті әкімшілікке рақметімді айтқым келеді», - деп ыстық лебізін білдірді Абай шағын ауданының тұрғыны Әйгерім Намазбаева.
Былтыр осы жоба аясында 20 үй салынған. Оның ішінде жеті үй Глубокое ауданына қарасты Белоусовка, Бобровка, Веселовка, Прапорщиково және Черемшанка ауылдарындағы көпбалалы отбасыларға табыс етілген. Бұл үйлердің әрқайсысында шаруашылық жүргізуге арналған 20 гектар жер учаскесі бар.
Фото: ШҚО ақпарат орталығы
«Глубокое аудынында облыс әкімшілігінің бастамасымен «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы дамып келеді. Бұл үйлер аудан әкімі, аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері және AMANAT партиясының қатаң бақылауында. Үйдің сапалы болуы маңызды. Сонымен қатар ауданда абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, балалар алаңы салынған. Жақында асфальт төселеді», - деді Глубокое аудандық мәслихатының төрағасы Алтай Қалигожин.
«Бірқабатты Шығыс» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының механизмі өте ыңғайлы. Мердігер өз қаражатына баспана салып, мемлекетке ұсынады. Барлық тексеруден өткен соң мемлекет қаражат бөліп, баспаналарды сатып алады. Кейіннен кезекте тұрған азаматтар жергілікті атқарушы органдар арқылы үйлерге ие болады.
Фото: ШҚО ақпарат орталығы
«Үй аумағы – 85х65 шаршы метр. Үй газаблоктан салынған. Үйде барлық жағдай жасалған. Терезелер пластиктен, жерге линолеум төселген. Үйдің ішінде ақылды пеш орнатылған. Қоныстанып жатқан тұрғындарға амандық тілеймін. Алған үйлері жанға толсын. Салған үйіміз қуаныш алып келсін», - деп өз тілегін жеткізді КТБ құрылыс компаниясының директоры Тілек Қоңыров.