ШҚО-да 1200 отбасыға ересек мүгедектер күтімі үшін жәрдемақы тағайындалмақ
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - 1200 шығысқазақстандық отбасы бала кезінен бері І топтың мүгедегі атанған ересектерді күткені үшін жәрдемақы алмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы Болат Сәтеков арнайы баспасөз мәслихатында айтты.
«Шілденің басында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері жөніндегі заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын. Сол өзгерістер аясында жасы 18-ден асқан, бала кезінен І топтың мүгедегі болып келген жандардың күтімі үшін жәрдемақы төлене бастады. Бұрын тек 18-жасқа дейінгілердің күтіміне ғана төленіп келген болатын. Мүмкіндігі шеутеулі бала 18-ге толғанмен, оның күтімі ата-анасының мойнында қалады. Заңдағы өзгеріс осы олқылықтың орнын толтырды, - дейді Болат Сәтеков.
Шығыс Қазақстан бойынша аталмыш санатқа жататын 1200 отбасы бар екенін анықталған. 1 шілдеден бастап оларға күнкөріс минимумының 1,05 мөлшері көлемінде жәрдемақы тағайындалған. Яғни, тізімге енген әр отбасыға айына 29699 теңге төленеді.
Тиесілі жәрдемақыға ие болу үшін осы санатқа жататын отбасылар аталмыш органның жергілікті бөлімшелеріне өтініш беруі тиіс. Егер бір отбасыда аталған 2 санатқа жататын бірнеше адам бар болса, әрқайсының күтіміне жәрдемақы бөлек төленеді.
Өтініші пен тиісті құжаттарды тұрғылықты мекенжай бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына өткізуге немесе egov.kz уеб-порталына жолдауға болады.