ШҚО-да 13 елді мекенге қауіп төндіріп тұрған мұздық көлдерге тікұшақпен барлау жасалды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында 13 елді мекенге қауіп төндіріп тұрған мұздық көлдерге тікұшақпен барлау жасалды.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары Бұқтырма, Берел, Сарымсақты өзендеріне, таулардағы мореналық көлдерге аэровизуалды бақылау жүргізді.

«Жыл сайын қауіпсіздік мақсатында сел қаупін бақылау үшін мореналық көлдер мұздан әлі ашылмаған сәттен бастап және олар толық ашылғанға дейін барлау жүргізіледі. Мұздықтардың көбісін әлі де қар басып жатыр. Қар биіктігі 0,5-тен 1,5 метрге дейін жетеді. Көлдер бассейндері біртіндеп толтырылып келе жатқаны байқалады. Мұздықтардың қарқынды еру белгілері жоқ», - дейді «Қазселденқорғау» мекемесі ШҚ филиалының басшысы Советбек Станбеков.
Шығыс Қазақстан облысының тауларындағы 144 мореналық көл 13 елді мекенге қауіп төндіреді. Ең көп мореналық көл Зайсан, Катонқарағай аудандарында және Риддер қаласында орналасқан. Бүгінгі таңда облыс бойынша жалпы жағдай тұрақты.
