ШҚО-да 1300 гектарға жайылған дала өрті төрт күннен кейін ауыздықталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында 1300 гектарға жайылған дала өрті төрт күннен кейін ауыздықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да 1300 гектарға жайылған дала өрті төрт күннен кейін ауыздықталды

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 8 қазан күні Күршім ауданындағы «Пугачев» орманшылығында өрт шыққан.

Шөпті шарпыған тілсіз жаудың жалпы ауданы – 1300 гектарды құрады.

«Өртті өшіруге ТЖД қызметкерлері, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен орманшылар тарапынан 260-тан астам адам және 30-ға жуық техника жұмылдырылған. Сондай-ақ ШҚО әкімдігінің екі «МИ-8» тікұшағы тартылды. Жетуі қиын таулы аймақ пен қатты жел қызыл жалынды сөндіруді қиындатты», - делінген ақпаратта.

Барлығы әуеден 14 рет жалпы көлемі 35 тонна су төгілді.

Десант күштері 8 тонна су жеткізді. Нәтижесінде өрт 12 қазан күні түскі уақытта ауыздықталды.