ШҚО-да 14 жыл бойы іздеуде болған алаяқ Алматыда ұсталды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында алаяқтық жасағаны үшін 14 жыл бойы іздеуде болған әйел Алматыда құрықталды.

Белгілі болғандай, қылмыскер Өскемен қаласы полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінен ұзақ жыл бойы жасырынып жүрген.
- 32 жастағы әйел алаяқтық жасағаны үшін іздеуде болған. Ол құқық қорғау органдарынан 14 жыл бойы жасырынып келді. Полицейлер оны Алматы қаласынан тапты. Қазіргі уақытта әйел адам сол жақтағы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деп хабарлады ШҚО ПД баспасөз қызметінен.
Айта кетейік, 2025 жылдың басынан бері тәртіп сақшылары іздестіру шаралары барысында бес қылмыскерді ұстаған. Олардың екеуі бұрын жасаған қылмыстары үшін іздеуде болған.
Еске салсақ, бұған дейін киберполиция Өскемен, Қарағанды қалаларында телефон алаяқтарын ұстағаны хабарланған.