ШҚО-да 1982 жылы салынған мамандандырылған медициналық орталық жөнделеді
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталық жөндеуден өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, медициналық мекемені заманауи техникамен жабдықтау үшін соңғы жылдары ауқымды қаржы бөлінген. Қазіргі уақытта мұнда роботохирургия және трансплантология орталықтары жұмыс істеп тұр.
Алайда орталықтың қабылдау бөлімі өте күрделі жағдайда. Жобасы 1960 жылы жасалған аурухана 1982 жылы салынған.
«Медициналық мекеме әбден ескіріп, тозығы жеткен. Дәліздері өте тар, кабинеттері де шағын ғана. Жабдықтары әлі де толық емес, жөндеу көрмегеніне көп уақыт болған. Біз осы олқылықтың орнын толтырып, бәрін қалыпқа келтіруге дайынбыз. Жөндеуге қажет 250 миллион теңгені қыркүйек айында болатын облыстық мәслихаттың сессиясында бөлеміз», - деді Даниал Ахметов.
Өңір басшысының айтуынша, қабылдау бөлімін дәрігерлер үшін де, пациенттер үшін де ыңғайлы етіп жасау керек. Орталықтың қабылдау бөлімі күніне 140-тан астам науқасқа қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар мекемеге шұғыл диагностика жасауға қажетті техника сатып алынбақ. Осылайша, қабылдау бөлімі барлық заманауи сапа стандартына сай болады.