ШҚО-да 2 айдың ішінде 81 млн теңгенің алименті төленді
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасының ықпал етуімен соңғы 2 айда 81 млн теңгенің алименті төленген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі жыл басынан бері борышкерлерден 92 млн теңгенің алименті өндірілгенін айтады. Соның 81 млн теңгесі - соңғы 2 айдың еншісінде. Ресми органның баспасөз хатшысы Әсел Момынжанованың айтуынша, бұл істе БАҚ пен көрнекі ақпарат арқылы түсіндіру жұмыстары жақсы нәтиже берген.
«Облыс бойынша алимент төлеу және заң алдындағы жауаптылық туралы 26 үгіттеу баннері орнатылған. Мемлекеттік мекемелердің ғимараттарында, автобекеттерде, 66 елді мекенде жадынамалар мен плакаттар ілінді. Халық көп жиналатын орындарда алимент төлемеу проблемасы туралы дыбыстық және бейне көрсетілімдер қойылды. 165 борышкерге жұмыссыз ретінде есепке тұру қажеттігі туралы хабарлама тапсырдық», - дейді прокуратура өкілі.
Прокуратураның араласуымен 2 жалғызбасты ана жұмыспен қамтылған.
«Тағы 2 анаға мемлекеттік қордан баспана берілді. Әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған 94 отбасының 118 баласына прокуратура қызметкерлері мен демеушілер жинаған қаражат есебінен материалдық көмек көрсетілді», - дейді Әсел Момынжанова.
Облыс бойынша жыл басынан бері 16 борышкердің үстінен алимент проблемасы бойынша 8 әкімшілік, 8 қылмыстық іс қозғалған.