ШҚО-да 20 жастағы қыз суға батып кетті
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - ШҚО-да суға батып кеткен 20 жастағы қыздың денесін құтқарушылар 20 метр тереңдіктен алып шықты, деп хабарлайды өңірлік ТЖД баспасөз қызметі.
7 шілде күні Бесқарағай ауданынан бір топ адам Шүлбі су қоймасына демалуға келген. Демалушылар белгіленбеген жерде тоқтап, суға шомылуға барады.
Жағадан шамамен 20 метр жүзіп барып, кенет судың қатты ағысынан қыздар суға бата бастайды. Қыздардың біреуін жігіт судан алып шығады. Ал, екінші қызға жақын маңда демалып жатқан ер адамдар көмекке келіп, суға батып бара жатқан қыздың артынан сүңгиді, бірақ судың тым тереңдігінен, оған көмектесе алмады.
Оқиға орнына келген құтқарушылар 20 жастағы қыздың денесін 20 метр тереңдіктен алып шықты.
ШҚО ТЖД азаматтардан суға түсу кезінде жауапкершілік танытуды сұрайды. Суда демалу кезінде жүріс-тұрыс ережелерін қатаң сақтау, жүзу шекаралары белгіленген, жабдықталған жерде шомылу керегін еске салады.