ШҚО-да 2 млрд ағаш егу жоспары қалай орындалып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында Президенттің 2 млрд ағаш егу тапсырмасы аясында 2027 жылға дейін 76 млн ағаш отырғызу жоспарланған. Соңғы бес жылда оның 40 млн-нан астамы егілген. Жоспарды орындауға не кедергі? Орман алқаптарын көбейту, өрттен кейінгі аумақтарды қалпына келтіру барысы қалай? Осы және өзге де мәселелерді Jibek Joly телеарнасының «Экоаудит» бағдарламасы арнайы шығарылымында зерделеді.
Үбі бойындағы орманды толықтыру жұмыстары
Шығыс Қазақстанның табиғаты орман мен таудың, өзен мен бұлақтың өзара байланысынан тұратын ерекше экожүйелердің бірі. Өңірдегі орман шаруашылығының тынысын түсіну үшін Үбі өзенінің бойына көз салудың өзі жеткілікті.
Бір кездері бұл өзен арқылы ағаш ағызылған. Таудан төмен қарай ағаш жеткізудің төте жолы осы болғандықтан, өзен бетінде бөренелер сеңдей соғылып жататын. Орманның оталуы мен өзендегі бағалы балықтардың уылдырық шашатын тұнығының лайлануы ақыры бұл тәжірибені тоқтатуға себеп болды. 1987 жылы Үбімен ағаш ағызуға тыйым салынған. Қазір өзен бойындағы жағдай керісінше: қорықшылар қайықпен көшет тасып, орманды толықтырып жүр.
Үбі өзенінің атауына қатысты бірнеше болжам бар. Топонимдерді зерттеген ғалым Бердібек Қойшыбаев «Уба» гидронимін моңғолдың «уваа» сөзімен байланыстырады. Оның айтуынша, бұл сөз созылып, шұбатылып жату деген мағынаны білдіреді. Үбі Қорған, Көксу, Тұғысын жоталарындағы көптеген өзен мен бұлақты бойына қосып, биік таулардың арасымен созыла ағады. Кейін Өскемен мен Семейдің ортасында Ертіске құяды.
Өзеннің жоғары бөлігіне жету үшін су ағысына қарсы қайықпен жүзуге тура келеді.
Мұндағы орман алқаптарының арасында жаңа отырғызылған көшеттерді бірден байқау оңай емес. Өйткені Үбі жағасын қалың самырсын мен жидек бұталары көмкеріп тұр.
Верх-Уба орман шаруашылығының директоры Тұрсынхан Айтымбетовтің айтуынша, көшеттерді шалғай аумақтарға жеткізу орманшылар үшін оңай жұмыс емес.
— Кей жерлерге трактормен баруға мүмкіндік болғанымен, көптеген көшет қайық арқылы тасылған. Жұмысшылар жолдың алыстығына байланысты сол аумақта қонып, бірнеше күн қатарынан еңбек етуге мәжбүр болады, — дейді ол.
Верх-Уба орманшылығы аумағының 90 пайыздан астамы орманмен көмкерілген. Белгілі бір учаскелер жоспарға енгізілгеннен кейін көшеттер сол жерлерге жеткізіліп, отырғызылады. Бұл жерде орманды қалпына келтіру жұмысы тек ағаш отырғызумен шектелмейді. Жас көшеттің кейінгі күтімі де орманшылардың міндетінде.
Верх-Уба орман тұқымбағында өсірілетін қарағай көшеттерін де мамандар күн сайын баптайды. Орманшылық басшысының орынбасары Қуандық Қазыкеновтің айтуынша, көшеттердің шөбі жұлынып, таңертең және кешке суарылады. Демек жас ағаштың тамыр жаюы үшін бірнеше кезеңнен тұратын күтім қажет.
Орманды сақтау мен өрттің алдын алу
Шығыс Қазақстанның орман шаруашылығындағы негізгі мәселелердің бірі — өрт қауіпсіздігі.
Риддер маңындағы таулы аумақтар табиғи көрінісімен ғана емес, туристік әлеуетімен де ерекшеленеді. Ворошилов шыңына көтерілгенде, таудың етегіндегі радон көліне көз түседі. Қызыл-күрең түсті тау жоталары мен жағасындағы өсімдіктер бұл жерді өңірдің көрікті орындарының біріне айналдырады.
Риддер орман шаруашылығы басшысының орынбасары Дамир Жанболатұлының айтуынша, соңғы үш жылда бұл аумақта түрлі фестивальдер мен мотоцикл жарыстары ұйымдастырылып келеді.
Алайда туристер саны артқан сайын орман ішіндегі қауіпсіздікке қойылатын талап та күшейеді.
— Орманшылар санитарлық және өрт қауіпсіздігі нормаларын түсіндіреді. Өрт қаупі жоғары төртінші-бесінші класс кезеңдерінде кейбір маршруттар жабылып, адамдардың орман ішіне кіруіне шектеу қойылады, — дейді Дамир Жанболатұлы.
Өйткені ормандағы үлкен өрт кейде бір ғана учаскемен шектелмейді.
2021 жылғы 10 мамырда Риддер орманында ірі өрт болған. Қатты жел салдарынан от ұшқыны Лесхоз кентіне жетіп, бір көшедегі үйлер, қора-қопсы мен техника түгел өртенген. Бір адам мерт болған.
Өрттен кейін орманды қалпына келтіру жұмысы басталады. Бірақ бұл кезеңде де орманшылардың алдында бірнеше мәселе тұрады. Өртенген аумақты күл мен күйеден тазарту, тұқым жинау, көшет өсіру, қайта отырғызу және кейінгі күтімнің бәрін мамандар атқарады. Ал мұндай жұмысқа адам табу оңай емес.
Риддерде өндіріс орындары көп болғандықтан, жұмысшылар үшін жалақысы жоғары салалар бар. Орман шаруашылығындағы еңбек ауыр әрі кей жағдайда маусымдық сипатта. Сондықтан бос орындарға маман тарту мәселесі өзекті болып отыр. Мекеме электронды еңбек биржасына бос жұмыс орындарын жариялап, жұмыс жәрмеңкелеріне де қатысады.
Соған қарамастан орман шаруашылығының алдында көлемді жұмыс тұр. Биыл 250 гектарға, келесі жылы тағы 250 гектарға ағаш егу жоспарланған.
Табиғаттың өзі де бұл процеске белгілі бір деңгейде көмектеседі. Өрттен кейінгі аумақта алдымен қайың өседі. Мамандардың түсіндіруінше, қайың тез өсіп, кейін пайда болатын жас қылқан жапырақты ағаштарға көлеңке мен қорған болады.
Орманшылардың айтуынша, ірі өрттердің қайталануында белгілі бір табиғи циклдің де ықпалы бар. Пригородный орманшылығының басшысы Арай Атантаева 2011 жылы темір жол маңынан басталған өрттің салдарынан 280 мың гектар аумақтың өртенгенін айтады. Құрғақ ауа райы мен жел жалынды күшейткен.
Бүгінде сол өрттен кейін отырғызылған қарағайлар өсіп тұр. Орманды қалпына келтіру ондаған жылға созылатын ұзақ процесс.
Көшет қайда өседі?
Шығыс Қазақстан облысында көшет өсіретін 30 орман тұқымбағы бар. Оның тоғызы тұрақты жұмыс істейді. Ең ірі екі тұқымбақ Риддерде орналасқан.
Олардың бірі — Центральный орманшылығының жылыжай кешені.
— Біз Центральный орманшылығының жылыжай кешенінде тұрмыз. Мұнда 11 жылыжай орналасқан. Әрқайсының ауданы 500 шаршы метр. Бәріне тұқым себілген. 2023 жылы сепкеніміз осылай боп өсіп қалды. Енді оларды осы күзде қазып алып, орман қорын толықтыруға жөнелтеміз, — дейді Риддер орманшаруашылығы басшысының орынбасары Евгения Слонова.
Мәселен 2023 жылы себілген көшеттер қазір отырғызуға дайындалып жатыр. Күзде олар қазылып алынып, орман қорын толықтыруға жөнелтіледі. Бұл жұмыстың тағы бір маңызды бөлігі — табиғи қорықтарды сақтау.
Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы қалың орман мен асқақ таулар астасқан аумақта орналасқан. Мұнда самырсын, шырша және майқарағай сияқты қылқан жапырақты ағаштар тау беткейлерін алып жатыр. Қорық аумағында құлаған ағаштардың өзі сол күйінде қалады, өйткені қорық режиміне сәйкес оларды орнынан қозғауға болмайды.
Қорық мамандары бұл орманның Риддер үшін экологиялық маңызына да назар аударады.
Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығында 54 сүтқоректі, 165 құс және 800-ге жуық өсімдік түрі бар. Қорықтың қалың орманы өнеркәсіптік кәсіпорындары бар Риддер мен Өскемен сияқты қалалар үшін табиғи қорған қызметін атқарады.
Қорық маманы Людмила Винокурованың айтуынша, Риддерде мырыш зауыты, металлургиялық өндіріс, кен орындары мен өңдеуші кәсіпорындар бар. Оның айтуынша, қаланы қоршаған қалың орман өндірістен бөлінетін шаң мен көмірқышқыл газын сіңіруге ықпал етеді және фитонцидтер бөледі.
Осы тұрғыдан алғанда, орман көлемін сақтау тек табиғатты қорғау мәселесі емес, елді мекендердің экологиялық жағдайымен де байланысты.
Ағаш көп жерде де, аз жерде де мәселе бар
Өңірдегі жағдай барлық аумақта бірдей емес. Риддер орманды қалпына келтіру үшін жаңа учаскелерге мұқтаж болса, Өскемен маңындағы орман шаруашылығының өкілдері керісінше, көшет отырғызатын жердің жеткіліктілігін ескереді.
— Бізде жылына бір гектардан шамамен 700-800 мың көшет алынады. Оның ішінде қарағай мен қайың көшеттері бар. Қарағайдан 500 мың түп көшет алу жоспарланған. Алайда өндірілген көшет көлемі өңірдегі қажеттілікке қарай белгіленеді, — дейді Ертіс орманшылығының басшысы Болатхан Кәрімов.
Орман шаруашылығындағы кадр мәселесі де облыстың ортақ проблемаларының бірі.
Шығыс Қазақстан облысы аумағының 31 пайызы орман қоры жерлеріне тиесілі. Оның 1 млн гектардан астамы жасыл желекпен көмкерілген. Орманның 44 пайыздан астамын мәңгі жасыл қылқан жапырақты ағаштар құрайды. Өңірдің орман шаруашылығы саласында шамамен 1900 адам жұмыс істейді. Алайда бұл көрсеткіш жеткіліксіз деп бағаланып отыр.
ШҚО орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Мейрамбековтің айтуынша, үкімет қаулысындағы нормативтерге сәйкестену үшін әкімдіктермен бірлесіп жұмыс жүргізіп, қосымша қаражат қарастыру және тағы 1 мың адам алу қажет.
Бұл орман көлемін ұлғайту ғана емес, бар орманды сақтау үшін де маңызды. Өйткені өртпен күресу, көшет отырғызу, оны күтіп-баптау және табиғи аумақтарды қорғау бір ғана маусымның жұмысы емес.
76 млн ағаштың межесі орындала ма?
Президенттің 2 млрд ағаш егу тапсырмасы бойынша Шығыс Қазақстан облысында 2027 жылға дейін 76 млн ағаш егу жоспарланған. Соңғы бес жылда оның 40 млн-нан астамы егілген. Алайда жоспардың белгілі бір бөлігі орындалмай қалған.
Өңірлік табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Құсайыновтың айтуынша, соңғы бес жылда 49 млн 550 мың ағаш егу жоспарланған. Оның 3 миллионы егілмей қалған.
Мұнда белгіленген межеге жетуге кедергі ауа райы, өрт қауіпсіздігі кезеңінің ұзақтығы секілді бірнеше себеп аталады. Өңірде өрт қаупі бар кезең 13 сәуірде басталып, қарашаға дейін созылады. Одан бөлек, күздегі ерте қар, жауын-шашын мен өрт те ағаш отырғызу жұмысына кедергі келтіреді.
Соған қарамастан басқарма өкілі техникалық және адами ресурс жеткілікті болған жағдайда бағдарламаны орындауға мүмкіндік бар екенін айтады.
Шығыс Қазақстанның табиғи жағдайы бұл жұмысты жеңілдетпейді. Қысы ұзақ әрі қарлы, көктемде көшкін мен тасқын қаупі бар, ал жазда орман өртіне байланысты қауіп күшейеді. Осындай табиғи факторларға қарамастан орманшылар жоспарланған жұмыстарды орындауға ниетті.
Шығыс Қазақстандағы орман шаруашылығының бүгінгі көрінісі осындай. Бір жағында көшет өсіріп, мыңдаған гектарға жаңа ағаш отырғызу жұмысы жүрсе, екінші жағында бұрынғы өрттен қалған аумақтарды қалпына келтіру міндеті тұр. Таулы өңірдегі шалғай учаскелерге көшет жеткізу, орманды өрттен қорғау, туристік маршруттарды бақылау, маман тарту және табиғи қорықтарды сақтау да осы жүйенің бір бөлігі.
Ал 2027 жылға дейін 76 млн ағаш егу жоспарының толық орындалуы осы жұмыстардың бірнеше жыл қатарынан үздіксіз жүруіне байланысты. Өңір мамандарының алдында қалған уақыт ішінде жоспарланған көлемді аяқтау міндеті тұр.
Айта кетейік, бұған дейін, Семей орманының қасіреттен кейінгі жай-күйін жазған едік.