ШҚО-да 3 елді мекенді су басудан аман алып қалу шаралары жүргізіліп жатыр

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында Алтай ауданындағы 3 елді мекенді су басудан аман алып қалу үшін мұз жару жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да 3 елді мекенді су басудан аман алып қалу шаралары жүргізіліп жатыр
Видеодан алынған кадр

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Алтай ауданындағы Малеевск, Богатырево және Быково ауылдарындағы Бұқтырма өзенінде мұз жару жұмыстары жүргізілді. Мұндағы мақсат – мұз кептелісін болдырмау, елді мекендерді су басуының алдын алу.

Жарылыстар нәтижесінде, жалпы ауданы 49 500 шаршы метр аумақта мұз ұсақталды. Барлығы 2750 келі жарылғыш зат пайдаланылды.

«Мұз жару су тасқынына қарсы шаралар аясында қолға алынуда. Құтқарушыларға жергілікті атқарушы орган өкілдері де көмек көрсетіп жатыр. Жарылыс көпірлер мен елді мекендердің жанындағы мұз қалың жерлерде жүргізілді», - делінген ақпаратта.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да су тасқыны қаупі бар учаскелерге тікұшақпен барлау жүргізілгені хабарланды.