ШҚО-да 3 күнде мас күйінде көлік жүргізген 35 адам ұсталды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 3 күнде мас күйде көлік жүргізген 35 адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 12-18 наурыз аралығында өңір аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу шарасы жүргізілуде. Полицейлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
«Соңғы 3 күннің қорытындысы бойынша облыс полицейлері ізін суытпай 88 қылмысты және бұрын жасалған 53 қылмысты ашты. 5000-нан астам әкімшілік құқық бұзушылық фактілері анықталған. Оның ішінде ұсақ бұзақылық жасаған – 627, алкогольді ішімдік ішкені немесе қоғамдық орындарда мас күйде жүргені үшін – 854 адам жауапқа тартылды. Сонымен қатар профилактикалық есепте тұрған 4785 адам тексерілген», - делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, шара барысында заңсыз айналымнан 18 қару тәркіленген. Оның ішінде 1 ұңғысыз, 14 тегіс ұңғылы және 3 ойық ұңғылы атыс қару.
«Көлік құралын мас күйде тізгіндеудің алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, тек 3 күннің ішінде 35 жүргізуші ұсталған. Мәселен, 13 наурызда сағат 00:35 шамасында «Шемонаиха-Сугатовка» тасжолында «ВАЗ-21140» маркалы автокөлік тоқтатылды. Ішімдік ішіп рульге отырған 36 жастағы ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды, - деді ШҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Талғат Нұриев.
Сондай-ақ полицейлер есірткі заттарын сақтаудың 7 фактісін анықтап, 0,513 келі есірткіні тәркіледі.