ШҚО-да 3 мыңнан астам үйге өртті анықтайтын датчик орнатылады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік тұрғыда осал 3 мыңнан астам отбасының үйіне өртті анықтайтын датчик орнатылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да 3 мыңнан астам үйге өртті анықтайтын датчик орнатылады

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушылар халықты жылыту кезеңіне дайындауда. Олар ең алдымен 3000-нан астам әлеуметтік тұрғыда осал отбасы тұратын үйлерді аралап өтеді.

ТЖД қызметкерлері пештерді тексереді, өрттің алдын алу бойынша ұсынымдар береді және көміртегі тотығымен улануды болдырмау үшін шұғыл түрде жоюды қажет ететін бұзушылықтарды көрсетеді. Қазіргі уақытта әлеуметтік тұрғыда осал отбасылардың үйлеріне жергілікті атқарушы органдар мен демеушілер жыл сайын сатып алатын өртті және улы газды анықтайтын арнайы датчиктерді орнатып жатыр.

«Өткен жылыту маусымында осындай датчиктер Глубокое және Ұлан аудандарында дер кезінде іске қосылып, 8 адамды құтқарып қалды. Соңғы 4 жылда датчиктердің арқасында барлығы 37 адам, оның ішінде 28 бала құтқарылды.

«Ақылды құрылғылар» ең алдымен көпбалалы отбасылар, жалғызбасты зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар мен аз қамтылған отбасылар тұратын үйлерге орнатылады», - дейді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Серік Амангелдин.

Датчиктерді орнату жұмыстары бүкіл облыс бойынша жүргізіліп жатыр. Кезекті рейд барысында департамент қызметкерлері Ұлан ауданы Верх-Березовка кентіне барып қайтты. Датчиктер көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың үйіне орнатылды.