ШҚО-да 3 шақырымдық жол құрылысына 2,7 млрд теңге бөлінбек
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменде сырттан келетін көліктер қаланы айналып өтетін автожол құрылысы басталды. Үш шақырымдық нысанның құны 2,7 млрд теңге, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қаладағы көлік кептелісін азайту мақсатында қолға алынған құрылыс жұмыстарымен танысқан облыс әкімі Даниал Ахметов мердігер компанияларды тәуліктік режімге көшуге шақырды.
«Маусымның ортасы таяп қалса да, жұмыстың мандитын түрі жоқ. Қала ішіндегі жолдарды да тезірек қолданысқа беру керек. Ел әуреге түсіп жатыр. Сондықтан мойнында міндеті бар мердігерлер тәулікті режімге көшсін» - деді Даниал Ахметов.
Аталмыш айналма жол Алматы, Семей бағытындағы жолдарды Самар тасжолына тікелей қосатын болады. Осының арқасында сырттан келген көліктер қаланың ішінде бөгелмей, айналма жолмен қатынамақ.
«Бұл жол қала ішіндегі Сәтбаев даңғылынан Шешек асуына дейін жалғасады. Асу тым биік болғандықтан, жол тағанын 10 метрге көтеру қажет. Екі арада батпақты учаске бар болып шықты. Ол жерді 2 метр тереңдікте аршып, орнына қиыршық төседік. Осы сияқты қосымша шығындар жобалау құжаттарында қарастырылмаған», - деді мердігер компания басшысы Ұлықбек Тұмашинов.
Биыл жолдың тағанын төсеуге 146 млн теңге бөлінген. Енді тағы 1,2 млрд теңге қарастырылмақ. Нысан келер жылы қолданысқа беріледі деп күтілуде.