ШҚО-да 345 балаға жаңажылдық сыйлықтар берілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында Жаңа жыл қарсаңында балалар үшін мерекелік шара ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасының Президенті мен Шығыс Қазақстан облысының әкімі атынан сыйлықтар тарту етілді, -деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да 345 балаға жаңажылдық сыйлықтар берілді

2020 жылғы жаңажылдық шыршаларға жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан және ерекше қажеттілігі бар 9 жастан 13 жасқа дейінгі балалар, сондай-ақ оқуда, спортта, шығармашылықта немесе қоғамдық өмірде жетістікке жеткен дарынды бүрдіршіндер қатарынан 345 бала қатысты.

Өңірде қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты биыл жаңажылдық шыршалар кезінде сыйлықтар табысталды. Осы жылы мерекелік шараның тақырыбы «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл!» деп аталған.


Балаларды Жаңа жылмен ҚР Президентінің атынан облыс әкімі Даниал Ахметов құттықтады.

«Балалар, қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, сіздер жыл бойы конкурстарға, олимпиадаларға, жарыстарға белсенді қатысып жүлделі орындарды алғандарыңызға өте қуаныштымын. Қазіргі заманда сіздер жоғары білімді, бәсекеге қабілетті болуларыңыз керек. Лайықты білім алу үшін біз сіздерге жақсы жағдай жасауға тырысамыз», – деді Даниал Ахметов өз құттықтауында.

Айта кетейік, шара барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып ұйымдастырылды.