ШҚО-да 356 млн теңгені қолма-қол ақшаға айналдырған топтың ісі сотқа жолданды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Қаржылық мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті «Усть-Каменогорск инерт» ЖШС атынан жалған шот-фактуралар рәсімдеумен айналысқан топтың әрекетін тоқтатты.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер 2023 жылдың маусым-қыркүйек айлары аралығында ауыр техникаға арналған қосалқы бөлшектер жеткізілгені туралы жалған бухгалтерлік құжаттарды жүйелі түрде рәсімдеп отырған.
Аталған құжаттар арқылы олардың серіктестері корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығын төлеуден жалтарған.
Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері де заңсыз схемаға қатысқаны анықталған.
- Ол салықтық бақылаудан кедергісіз өту үшін қажетті жалған құжаттарды рәсімдеуге көмектескен.
Тергеу барысында қолма-қол ақшаға айналдырылған қаражат көлемі 356 млн теңгеге жеткені белгілі болды.
Ал мемлекетке келтірілген залал 91 млн теңгеден асқан, - деп жазды департаменттен.
Сот санкциясымен күдіктілердің 3 пәтері мен бір автокөлігіне тыйым салынды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.
Айта кетейік, Өскеменде пара берген мәслихат депутатына 100 млн теңге айыппұл салынды.