ШҚО-да 4 мыңнна астам жер үйдің пешінен ақау анықталды

Шығыс Қазақстан облысындағы жер үйлерде пешті талапқа сай пайдаланбауға қатысты 4000-нан астам бұзушылық анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

пеш
Фото: ҚазАқпарат

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, облыста жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда, құтқарушылар үйлерді аралап, халыққа электр құрылғылары мен пешті қауіпсіз пайдалану ережелерін түсіндіріп жатыр.

Осы уақытқа дейін барлығы 9000-ға жуық үй қамтылған. Нәтижесінде, пешті талапқа сай пайдаланбауға қатысты 4000-нан астам бұзушылық тіркелді. Әрбір жағдай бойынша азаматтарға тиісті нұсқаулық берілді.

«Пештерді жылыту кезеңіне дайындаудан бөлек, үйдегі қауіпсіздік үшін улы газды анықтайтын датчикті орнатқан жөн. Бұл газ тарағаны жайлы үй иелеріне уақтылы ескертеді. Соның арқасында адам өмірін сақтап қалады. Жыл сайын департамент қызметкерлері осы аспаптарды көпбалалы отбасылардың, жалғызбасты зейнеткерлердің, мүмкіндігі шектеулі жандар мен аз қамтылған жанұялардың үйлеріне орнатуда», - дейді ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.

Соңғы 4 жылда датчиктер 37 адамды, оның ішінде 28 баланы құтқарып қалған.