ШҚО-да 500-ден астам мұғалім робототехника мен IT-технологияларды меңгереді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Семейде электротехникалық колледж негізінде орта мектеп ұстаздары заманауи робототехника кабинеттерінде жұмыс жасау бойынша біліктілік арттыру курстарынан өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

ШҚО-да 500-ден астам мұғалім робототехника мен IT-технологияларды меңгереді

Жазғы демалыс аяқталғанға дейін облыста 544 мұғалім оқудан өтеді. Ал жаңа оқу жылында Шығыс Қазақстан облысының 277 мектебінде робототехника және IT-технологиялар кабинеттері ашылады.

Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова IT-технологияларға арнайы бағдарлама бойынша оқыту мәселесі алға қойылған тұста ірі компаниялардан көптеген ұсыныстар түскенін айтты. Семейдегі Электротехникалық колледждің мамандары даярлаған «Junior training» курсының авторлық бағдарламасы - ұсынылған нұсқалардың ішіндегі ең үздігі атанған. 

Семей электротехникалық колледжінің директоры Азат Сарбековтың айтуынша, крус ерекшелігі - халықаралық тәжірибеге негізделе отырып, Шығыс Қазақстан мектептерінің мүмкіндіктеріне қарай орайластырылып жасалғаны.



Курс 5 аптаға созылады. Ондағы 3 апта ұсынылған бағдарламаның теориясын оқуға, ал қалған 2 апта ұстаздардың алған білімдері мен дағдыларын өз беттерімен тәжірибе негізінде көрсетуіне арналады.

Курс бағдарламасы IT-бағыт салаларын түгелдей қамтиды. Оқу барысында мұғалімдер көрнекі бағдарламалау негіздерін, 3D форматында басып шығаруға арналған модельдеу негіздерін үйренеді. Сондай-ақ, бағдарламаға web-дизайн негіздері, сайт және ғаламтор ресурстарын жасап үйрену, компьютерлік мехатроника модульдері және басқа да техникалық инженерлік пәндер енгізілген. 

«Біз әр оқушыны IT-технологиялар саласындағы маман қылуды мақсат тұтпаймыз. Алайда, заман талабы сол болғандықтан, Қазақстанның кез келген азаматы цифрландыру және IT-технология негіздерін білгені жөн. Балалар кішкентай кезінен қарапайым өмірде қажет болатын технологияларды игеретін болады. Бұдан бөлек, бұл сабақтар оқушылардың аналитикалық ойлау қабілетін арттырып, шетел тілдерін оңай меңгеруге ықпалын тигізеді. Алайда, балаларға сапалы білім беріп, бойларында қажет дағдыны қалыптастыру үшін, алдымен жалпы білім беретін мектеп ұстаздарын үйретіп алу керек», - деді А. Нүсіпова. 

Облыстың ақпарат орталығы хабарлағандай, аталмыш жоба «Нұр Отан» партиясының бастамасымен қолға алынған.