ШҚО-да 500 орындық емхана салынады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанның Риддер қаласында бір ауысымда 500 адамға қызмет көрсететін емхана салынатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Кенді Алтайдағы шаһардың қалалық ауруханасына қарайтын 12 ғимараттың бірнешеуінің тұрғызылғанына жарты ғасырдан асып кеткен. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов аймақ басшысы Даниал Ахметовке осындай проблеманы жеткізді. Оның айтуынша, аурухана кешеніндегі ең ескі ғимарат 1939 жылы, тағы біреуі 1941 жылы қолданысқа берілген екен. Аурухана деген аты болғандықтан, кетеуі кеткен ғимараттарды жыл сайын жөндеудің өзі машақатты шаруаға айналып отыр. Жөндеуге шығын шыққанымен, нәтижесі шамалы.

«Жыл сайын жөндеуге деп қаражат бөлеміз. Оның өзі болмашы ғана. Бұларды жермен-жексен етіп бұзайық деп отырған біз жоқ. Жарамды дегендерін жатақхана немесе әкімшілік ғимарат қылып пайдалануға болады. Орнына күніне 500 адамға қызмет көрсететін жаңа емхана салсақ» - деді Марат Шоранов.

Қазіргі емханадан бір ауысымда 385 адам ем қабылдауы тиіс. О бастағы жобалық қуаты сондай. Бірақ күн сайын денсаулығына шағым айтып келушілердің саны 670-680 адамға жетіп отыр. Басқарма басшысы 500 адамдық емхана мұндай қажеттілікті емін-еркін орындайтынын айтты.

«Бұл - шынымен де шешілуі тиіс өзекті мәселе. Облыс бойынша ескі аурухана Бородулиха ауданы мен сіздерде ғана бар. Көктемге дейін құрылыстың жобалық-сметалық құжатына қажет 125 млн теңгені бөлеміз. Алдағы жылдары мынау қаусаған аурухананың орнына жаңа ғимарат береміз» - деді облыс әкімі.

null 

Соңғы жаңалықтар