ШҚО-да 508,8 мың гектар жайылым мен егістік жер пайдаланылмай бос жатыр

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 508,8 мың гектар жайылым мен егістік жер пайдаланылмай бос жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да 508,8 мың гектар жайылым мен егістік жер пайдаланылмай бос жатыр

ШҚО Жер ресурстарын басқару департаментінің мәліметіне сүйенсек, өңірде биыл құрылыс мақсатындағы жерлерді ұзақ уақыт пайдаланбауға қатысты 36 жоспардан тыс тексеру жүргізілді.

Соның нәтижесінде, жер заңнамасын бұзудың 83 фактісі анықталып, 1 жыл ішінде бұзушылықтарды жою туралы 36 нұсқама берілді. Нұсқама орындалмаған жағдайда ҚР Жер кодексiнiң 94-бабына сәйкес департамент меншiк иелерiнен жерді мәжбүрлеп алып қою туралы сотқа талап-арыз жолдайды.

«Бұдан бөлек, жер учаскелерін нысаналы мақсатына сай емес пайдалану мәселесі бойынша 34 тексеру жүргізілді. Барлығы 8 бұзушылық тіркеліп, жер иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «Қазақстан Ғарыш Сапары «ҰК» АҚ деректері негізінде ғарыш арқылы профилактикалық бақылау жүргізілуде. Бүгінде облыс аумағында жалпы ауданы 508,8 мың гектар жайылым мен егістік жер пайдаланылмай бос жатыр. Соған байланысты 2 755 жер пайдаланушыға жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды бір жылдың ішінде жою туралы нұсқау жолданды. Бақылаудың бұл түрі профилактикалық болып саналады. Яғни, әкімшілік санкциялар қолданылмайды», - делінген ақпаратта.

Қазіргі уақытта пайдаланылмай бос жатқан 7,4 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған.