ШҚО-да 560 мыңнан астам адам сейсмикалық қауіпті аймақта тұрады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында 75 елді мекен сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, өңірде жер сілкінуі ықтималдығы бар аумақта 560 мың адам мен 150 мыңнан астам үй бар.
Осы жылдың басынан бері облыста күші екі балдан жоғары сезілетін жер асты дүмпулері тіркелмеген. Десе де аймақта мониторинг жүйесін жетілдіру және ықтимал төтенше жағдайларға дайындық шаралары күшейтіліп жатыр.
— Шығыс Қазақстан аумағында екі сейсмологиялық станция және онлайн режимде жұмыс істейтін 12 сейсмодатчик бар. Олар деректерді Орталық сейсмологиялық обсерваторияға үздіксіз жіберіп отырады, — делінген ақпаратта.
Датчиктердің басым бөлігі Өскемен қаласында орнатылған. Сонымен қатар Алтай, Самар және Катонқарағай аудандарында бір-бір сейсмодатчиктен жұмыс істейді.
— Халықты құлақтандыру жүйесі де күшейтіліп келеді. Қазіргі уақытта облыста 48 сиреналық-дыбыс құрылғысы жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, шұғыл хабар тарату үшін теле және радиоарналарды автоматты түрде тоқтату жүйесі іске қосылған. Mass Alert мобильді ескерту жүйесі де енгізілген. Облыс аумағында зардап шеккен тұрғындарды қабылдайтын 182 пункт және адамдарды уақытша орналастыруға арналған 41 ашық алаң бар, — делінген хабарламада.
Сейсмикалық қауіпсіздік айлығы аясында Шығыс Қазақстанда 849 оқу-жаттығу өткізіліп, оған 43 мыңнан астам адам қатысқан.
Еске салсақ, осыған дейін Каспий теңізінде жер сілкінісі тіркелгені хабарланған.