ШҚО-да 6-сынып оқушылары суға батқан баланы құтқарып қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 10 сәуірде сағат 21.30-да Үржар АІІБ-дан Үржар ауылы, Сейфуллин көшесінде тұратын 2009 жылы туған Ақиқат Ақжолдың сол күні сағат 17.30-да үйден шығып, қайта оралмағаны туралы хабар келіп түсті.

ШҚО-да 6-сынып  оқушылары суға батқан баланы құтқарып қалды

Дабыл бойынша Үржар ауданының АІІБ мен ТЖБ қызмекерлерінің жедел тобы жиналды. Сағат 21.50-да Абай атындағы орта мектептің 6 «б» оқушылары Сүлейменов Ардақ пен Келгенбаев Ердәулет Ақиқат Ақжолды үйіне алып келген.

Оқушылардың айтуынша, олар Шошқалы өзенінде балық аулап жүрген, кенеттен өзендегі суға батып көмек сұраған баланың дауысын естиді. Балалар дереу суға батқан баланы құтқаруға кірісті. Ақиқатты құтқарғаннан кейін жағаға алып шығып, үйіне апарды.

Осындай әрекеті үшін Абай атындағы орта мектепте жиналыс өткізілді. Сүлейменов Ардақ пен Келгенбаев Ердәулет Үржар ауданының АІІБ және ТЖБ атынан сыйлықпен марапатталды. Сондай-ақ оқушылардың ата-аналарына да алғыс хаттар табысталды.