ШҚО-да 68 мектеп жөндеуді қажет етеді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 68 мектеп жөндеуді қажет етеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да 68 мектеп жөндеуді қажет етеді

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, аймақ басшысы Даниал Ахметов мектептерді тексеру жөніндегі көшпелі комиссия жұмысының нәтижелері бойынша жиналыс өткізді.

«Қалалар мен аудандардың әкімдері бұл мәселеде жоғары жауапкершілік танытты. Тексеру нәтижелері бойынша 68 мектеп ағымдағы жөндеуді және бесеуі күрделі жөндеуді қажет етеді. Алайда Зайсан ауданының Дайыр ауылындағы мектепке қатысты мәселе бар. Өйткені өткен жылы бұл нысанға ақша бөлінген. Енді қосымша қаржыландыру не үшін қажет екендігін тексеру қажет», - деді облыс әкімі.

Өз сөзінде ол мектептердің құрылысы да, жөндеуі де тұрақты бақылауында екендігін атап келеді.

«Біз балаларымызға қауіпсіз және жайлы жағдайлар жасауымыз керек. Жөндеу жұмыстарына тиісті қаражат қарастырылған. Қазірдің өзінде оқу демалыстары басталғанға дейін құрылыс компаниялары дереу жұмысқа кірісуге дайын болуы үшін конкурстық рәсімдер басталады», - деді Даниал Ахметов.