ШҚО-да 7 мың гектар аумақта қамыс өртенді

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 6 тамызда сағат 17:00 шамасында Үржар ауданы Сағат ауылынан 18 шақырым жерде қамыс өртенген. Құтқарушылар оқиға орнына келіп, барлау жүргізді.
«Сасықкөл жағасындағы батпақты жерде қамыс жанды. Өрт ошағына жету қиынға соққан. Өрт сөндірушілер, жергілікті атқарушы орган өкілдері, «Алакөл мемлекеттік табиғи қоры» РММ қызметкерлері тілсіз жауды ауыздықтауға кірісті. Сонымен қатар өрт ауқымын анықтау және сөндірудің дұрыс бағытын таңдау үшін «АН-2» ұшағымен мониторинг жүргізілген», - делінген ақпаратта.
Жердің батпақты болуынан және қатты желдің салдарынан отты өшіру қиындай түсті. Алты күн бойы олар тынбай өртпен күрескен. Нәтижесінде, 12 тамызда сағат 10.00-де жалпы ауданы 7000 гектарды құраған қызыл жалын толықтай сөндірілді.