ШҚО-да 82 сауда және ойын-сауық кешені есепке алынды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары кейбір сауда орындарына өрт қауіпсіздігін сақтағаннан  айыппұл өтеп құтылу тиімді болып тұрғанын айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да 82 сауда және ойын-сауық кешені есепке алынды

Ресейдегі қайғылы жағдайдан кейін Шығыс Қазақстандағы сауда және ойын-сауық орындары өрт қауіпсіздігіне тексеріле бастады. Тексеруге жататын кешендердің жалпы ауданы 1500 шаршы метрді құрайды. Ал жыл сайынғы жоспарлы тексеруде кемшілік табылмаған нысандар бұл тізімге кірмеген.

«Қазіргі таңда облыс бойынша 82 сауда нысаны есепке алынып, жоғары дәрежедегі тәуекел нысандарына жатқызылды. Өрт қызметінің мамандары олардың саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін айтады. Өйткені кәсіпкерлер бір нысанның өзін қағаз жүзінде бөлшектеп, бірнеше адамның атына жазғызып тастаған. Осының кесірінен сауда нысаны болып тіркелген ғимараттың ауданы құжатта кішірейтіліп көрсетіледі. Нысанның қалған бөлігі басқаның меншігінде болғандықтан, оны өрт қауіпсіздігіне жауапты орындар тексере алмайды», - дейді төтенше жағдай департаментінің баспасөз хатшысы Анастасия Скляр. 

Ал кейбір кәсіпкерлер үшін өрт қауіпсіздігінің талаптарын сақтағаннан айыппұл төлеп құтылу тиімді. Мәселен, былтыр Семей қаласындағы «Арғымақ» сауда үйінде өрт қауіпсіздігіне қайшы көптеген жағдайлар анықталған. Сауда орталығының меншік иесі болып саналатын «Таксомоторный парк» ЖШС кемшіліктерді көрсетілген мерзімде жоймаған. Сөйтіп  іс сотқа дейін жетеді. Сот сауда серіктестікке айыппұл салумен шектелген.

«Сот орындары мұндай нысандардың жұмысын тоқтатуға құқылы. Бірақ көп жағдайда олар айыппұл тағайындаумен шектеледі. Кейде ғана  нысанның жұмысын 3-15 күнге шектейді» - дейді Анастасия Скляр. 

2017 жылдан бері облыс аумағында 50-ден астам сауда және ойын-сауық нысаны өрт қауіпсіздігіне тексеруден өтіп, 280 заңбұзушылық анықталған екен. Олқылық жіберген нысан иелеріне жалпы жиыны 680,7 мың теңге айыппұл салынған.