ШҚО-да адам денсаулығына қауіпті өнім сатқан дүкендерге 2,5 млн теңге айыппұл салынды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы дүкендерде адам денсаулығына қауіпті өнімдер сатылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері өңір аумағында сатылатын азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу мақсатында 1388 тауардан сынама алынған.
Оның ішінде 523-і – отандық, 865-ы – импорттық өнім.
«Талдау нәтижесі көрсеткендей, азық-түлік өнімдерінің 204 сынамасы талапқа сәйкес келмейтін болып шықты. Оның 86-сы – отандық, 118-і импорттық өнім. Сәйкессіздіктің негізгі үлесі, нақты айтқанда 72%-ы таңбалау ережелерінің бұзылуына қатысты болып отыр. Яғни, тауар қаптамасында өндірушінің атауы мен орналасқан жері, мемлекеттік тілдегі мәліметтер, шығарылған күні, жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттарының болмауы анықталған» делінген ақпаратта.
Сынаманың 20% адам денсаулығына қауіпті болып шықты. Ал 8% физикалық-химиялық көрсеткіштер бойынша талапқа сай келмеген.
«Аталған фактілер бойынша дүкен мен сауда орындарының иелеріне 185 ұйғарым шығарылып, жалпы сомасы 2 542 290 теңге айыппұл салынды. 76,5 келі өнім сатылымнан алынды» делінген хабарламада.