ШҚО-да агроөнеркәсіп кешені қарқынды дамып келеді
Мемлекет басшысының агроөнеркәсіптік секторды дамыту бойынша алға қойған міндеттерін шешу үшін Шығыс Қазақстан облысында өсімдік шаруашылығын дамыту бағдарламасы іске асырылып жатыр, тиімділігі жоғары дақыл алқаптарын ұлғайтып, егістіктерді әртараптандыру жүргізілуде.
Елімізде өсірілетін күнбағыс көлемінің 66% осы облысқа тиесілі және оны қайта өңдеу көлемін ұлғайту басты міндет болып отыр.
«Жоғары сапалы дайын өнім нарығына шығу үшін биылғы жыл басынан бері облыста қуаты 300 мың тонна ірі май-экстракциялық зауыт пайдалануға берілді, Өскемен қаласында қуаты 50 мың тонна күнбағыс майы зауыты салынып жатыр. Осылайша, жұмыс істеп тұрған өндірістерді ескере отырып, жаңа май-экстракциялық зауыттардың іске қосылуы қайта өңдеудің жалпы көлемін 1 млн тоннаға дейін, сондай-ақ өсімдік майларының экспортын 1,3 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Әкімнің айтуынша, облыстың мал шаруашылығы да тұрақты дамып келеді. Өткен жылы ірі қара мал саны 106%-ға, ұсақ мал – 106,2%, жылқы – 112,5%, құс – 110,5%-ға өсті. Тірі салмақта ет өндіру шаруашылықтардың барлық санаттарында 103,2%-ға, сүт өндіру 104,8%-ға өсті. Жыл соңына дейін сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 96%-ға дейін артады, - деп толықтырды өңір басшысы.
Одан бөлек, сүт өнімдерін шығарумен айналысатын «Эмиль» компаниясы жылына 45-тен 90 мың тоннаға дейін тауар ассортименті мен көлемін кеңейтіп жатыр. Өскемен құс фабрикасы қайта жаңартуды аяқтап, құс етін шығару көлемін жылына 55 мың тоннаға дейін ұлғайтуда. Қуаты жылына 1,5 мың тонна балық және балық өнімдерін құрайтын акваферма пайдалануға берілді.
Облыс әкімі ауылдық жерлерді дамыту үшін Мемлекет басшысы қолдаған «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы ауылдың әлеуметтік-инфрақұрылымдық дамуының негізін қалыптастыратынын және халықтың өмір сүру сапасының параметрлерін өңірлік стандарттарға дейін теңестіруге мүмкіндік беретінін айтты. Биыл «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 42 тірек және спутниктік ауылда 5,2 млрд.теңгеге 67 жоба іске асырылатын болады.