ШҚО-да ақ киімді қызметкерлер қарға тығылып, түрме аумағына зат лақтырғандарды ұстады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында түрме аумағына тыйым салынған заттарды лақтырған ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да ақ киімді қызметкерлер қарға тығылып, түрме аумағына зат лақтырғандарды ұстады

ШҚО бойынша ҚАЖ департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ОВ-156/20 түзету мекемесінің қызметкерлері ақ түсті киім киіп, қарға тығылып жатқан. Бұндағы мақсат – түрме аумағына кіргізуге тыйым салынған заттарды лақтыратындарды қолға түсіру. Осының нәтижесінде колония қоршауына келіп, жан-жағынан ешкімді байқамаған соң үш түйіншекті лақтырмақ болған 46 жастағы ер адам ұсталған. Тексеру кезінде оның қалтасынан ұялы телефон және 50 ақ түсті таблетка салынған түйіншектер табылды.

«Ол қалың қардың арасына жасырынған қызметкерлерді байқамай қалған. Сақшылар оны қимыл-қозғалыссыз бақылап отырды. Ер адам қалтасынан үш түйіншекті алып шыққан сәтте мекеме қызметкерлері оны лезде қолға түсірді. Тәртіп бұзушыға қатысты хаттама толтырылған. Аталған факті бойынша процессуалдық шешім қабылдау үшін материалдар құзыретті органга жолданды», - дейді ШҚО бойынша ҚАЖД бастығы Жанболат Кәлетаев.

Айта кетейік, ОВ-156/20 қызметкерлері екі айдың ішінде 20-ға жуық телефон, ішімдік пен жарты келі есірткіні тәркілеген.