ШҚО-да әкімдік қызметкері грант алмақ болған кәсіпкерлерге заңсыз талап қойған

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша департаментінің мәліметіне сүйенсек, бір топ кәсіпкер «1414» бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, Зайсан аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкеріне қатысты шағымданған.
Олардың айтуынша, мемлекеттік қызметші «Бастау Бизнес» жобасы бойынша грант алу үшін конкурсқа қатыспақ болған бизнес өкілдеріне белгілі бір банктен шот ашу қажеттігі туралы негізсіз талап қойған.
«Кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларының» 53-тармағы 4-тарауына сәйкес, деректемелері бар банктік шот грант беру туралы оң шешімнен кейін 3 жұмыс күні ішінде берілуі тиіс. Яғни, бөлім маманы мемлекеттік қызмет көрсету тәртібінің ережелерін бұзып, жасанды әкімшілік кедергі тудырған», - делінген ақпаратта.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Зайсан аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне нормативтік құжаттар талаптарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету және кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуына жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сондай-ақ өрескел бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.