ШҚО-да алаяқ тұрғындардың 3 млн теңгесін иемденіп кеткен

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында алаяқ 7 адамды алдып-арбап 3 миллион теңгесін алып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі жергілікті полицияға сілтеме жасап. 

ШҚО-да алаяқ тұрғындардың 3 млн теңгесін иемденіп кеткен

Полицияның мәліметтеріне қарағанда, Жарма ауданы Шар қаласының полиция бөліміне жергілікті тұрғын шағым түсірген. Ол алаяқтық жолмен 500 мың теңге ақшалай қаражатын иемденіп кеткен әйелге қатысты шара қолдануларын сұраған. Сол күні полицияға дәл осындай өтінішпен тағы бір Шар қаласының тұрғыны келген.

Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер Алматыда 46 жастағы әйелді ұстады. Ол тергеу кезінде қылмысын мойындады.

Белгілі болғандай, ол алаяқтық жолмен ақша иемдену арқылы күн көрген. Әйел Шығыс Қазақстан облысын аралап, Германияда туыстары болуы мүмкін адамдарды іздеген. Алаяқ әйел өзін солардың туысы ретінде таныстырып, Германиядағы туыстарының оларға ақша мен сыйлықтар беріп жібергеніне сендірген. Зардап шегушілердің сеніміне кіріп, шетелдегі туыстары жіберген сәлемдемені алу үшін банкке бару қажеттігін айтады.

Сондай-ақ, өзінің қызметі үшін белгілі бір соманы сұрайды. Бұған қоса, әңгіме барысында еуроны теңгеге ауыстыруларын ұсынып, келісілген соманы иемденеді және солармен бірге қалаға келеді. Банкке келгеннен кейін алаяқ зардап шегушілерді таксиде қалдырып, өзі түрлі сылтаулармен кетіп қалған.

Іс материалдары бойынша ШҚО-дағы 7 зардап шегуші - Глубокий, Шемонайха, Бородулихинск және Өскемен тұрғындары. Оларға 3 миллион теңге сомасында залал келтірілген.

Қазіргі уақытта «алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.