ШҚО-да алаяқтар тағы да әкімдік қызметкерлері атынан халыққа хабарласа бастады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында алаяқтар тағы да әкімдік қызметкерлері атынан халыққа хабарласа бастады.
Осыған дейін Өскеменде алаяқтық жасағаны үшін түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан ер адам ірі кәсіпкерлерге хабарласып, өзін облыс әкімінің орынбасары ретінде таныстырғанын хабарлаған едік. Су тасқынының салдарын жоюға көмек көрсету мақсатында деп кәсіп иелерінің бірінен 50 млн теңге алған алаяқ сот шешімімен 8 жылға бас бостандығынан айырылған.
Десе де әкімдіктің атын жамылып, халыққа хабарласатын алаяқтар сонда да тыйылмай тұр. Соған байланысты ШҚО әкімдігі тұрғындарға ескерту жасады.
«Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде орталық және жергілікті мемлекеттік мекеме басшылары атынан фейк парақша ашып, түрлі сылтаумен, көбінесе қарызға ақша сұрап хабарлама жіберген жағдайлар көбейіп кетті. Осы орайда алаяқтардың арбауына түспеулеріңізді және осындай хабарлама алған жағдайда құқық қорғау органдарына хабарласуыңызды сұраймыз», - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.